Date of publication: 09.01.2019 17:33
Date of changing: 09.01.2019 17:34

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, Салық кодексімен жұмыскердің 25 еселенген айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен (бұдан әрі – 25 АЕК) аспайтын кірісінен 90 пайыз мөлшеріндегі түзетуді қолдану белгіленген.

Осылайша, 2019 жылдан бастап, егер жұмыскердің кірісі 25 АЕК (2019 жылы – 63 125 теңге) аспаса, жұмыскердің салық салынатын кірісі сомасынан 90 % мөлшерінде түзету қолданылатын болады.

Егер жеке тұлға еңбек қызметін бірнеше жұмыс берушіде жүзеге асырған жағдайда және әрбір жағдайда жұмыскердің есептелген кірісі 25АЕК аспаса, онда жұмыскердің салық салынатын кірісі сомасынан 90 % мөлшеріндегі түзетуді әрбір жұмыс беруші қолданатын болады.

Сондай-ақ, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері 1,5 есеге (42 500 теңге) өскенін ескерсек, жеке тұлғаның салық салынатын кірісін айқындау барысында қолданылатын 1 ЕТЖ түріндегі салық шегерімінің мөлшері де сәйкесінше өседі.

Аталған өзгерістердің барлығы төмен жалақы алатын жеке тұлғалардың салық ауыртпашылығын барынша жеңілдетіп отыр.