Date of publication: 11.06.2019 15:04
Date of changing: 11.06.2019 15:10

Дәрменсiздiк фактiсiн анықтау кезiнде борышкердiң орындау мерзiмi басталған, сондай-ақ орындауға қабылданған және (немесе) орындалып жатқан мiндеттемелерi ескерiлуге тиiс.

Кредитордың борышкердi банкрот деп тану немесе оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгiнуi үшін борышкердiң төлем қабiлетсiздiгi негiз болып табылады.

Борышкер мына шарттардың бірі және одан көбі басталған кезде төлемге қабілетсіз болып табылады:

1) өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, алименттерді өндіріп алу, еңбекақы төлеу, еңбек шарттары бойынша өтемақылар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жөніндегі, сондай-ақ авторлық шарттар бойынша сыйақылар жөніндегі кредиторлар алдындағы міндеттемелері оларды орындау мерзімі басталған кезден бастап үш ай ішінде орындалмаған және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір жүз айлық есептік көрсеткіштен кем емес соманы құрайды;

2) салық берешегі бойынша борышкердің филиалдары мен өкілдіктерінің берешегін қоса алғанда, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша кредитор алдындағы міндеттемелері оларды орындау мерзімі басталған кезден бастап төрт ай ішінде орындалмаған және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір жүз елу айлық есептік көрсеткіштен кем емес соманы құрайды;

3) өзге кредиторлар алдындағы міндеттемелері оларды орындау мерзімі басталған кезден бастап үш ай ішінде орындалмаған және жиынтығында дара кәсіпкерлер үшін – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген үш жүз айлық есептік көрсеткіштен кем емес соманы, заңды тұлғалар үшін – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір мың айлық есептік көрсеткіштен кем емес соманы құрайды.

Осы тармақтың талаптары жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш беру жағдайларына қолданылмайды.

Борышкердiң төлем қабілетін қалпына келтiру мүмкiндiгi болмаған кездегі төлем қабiлетсiздiгi өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуiне негiз болып табылады.

Борышкердiң төлем қабілетін қалпына келтiру мүмкiндiгi болған кездегі төлем қабiлетсiздiгi немесе борышкерге таяу он екi айда ақшалай мiндеттемелердi орындау мерзiмi басталған кезде оларды орындайтындай күйде болмайтын төлем қабiлетсiздiгі қаупiнiң төнуi оның оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуiне негiз болып табылады.

Сот борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғау туралы шешiм шығарған күннен бастап:

1) борышкер мүлкінің меншік иесіне (ол уәкілеттік берген органға), құрылтайшыларға (қатысушыларға), заңды тұлғаның барлық органдарына мүлікті кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс пайдалану мен өткізуге және міндеттемелерді өтеуге тыйым салынады;

2) банкроттың барлық борыштық мiндеттемелерiнiң мерзiмдерi өтті деп есептеледі;

3) банкрот берешегiнiң барлық түрлерi бойынша тұрақсыздық айыбын және сыйақыларды (мүдделерді) есепке жазу тоқтатылады;

4) сотта банкроттың қатысуымен қаралатын мүлiктiк сипаттағы даулар, егер олар бойынша қабылданған шешiмдер заңды күшiне енбесе, тоқтатылады;

5) үшінші тұлғалардың кепілдіктері мен кепілгерліктерін орындау бойынша талаптарды, сондай-ақ үшінші тұлғалар кепіл беруші болатын жағдайларда кепіл нысанасын өндіріп алуды қоспағанда, банкротқа банкроттық рәсімі шеңберінде ғана талаптар қойылуы мүмкін;

6) әкімші өтінішінің және борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің ұсынылған көшірмесінің негізінде банкрот мүлкіне қойылған барлық шектеулер мен ауыртпалықтар (борышкердің шоттарына қаржылық және мемлекеттік органдардың инкассолық өкімдері, мүлікке сот орындаушылары тағайындаған тыйым салу және басқалар) оларды тағайындаған органдардың тиісті шешімдері қабылданбастан алып тасталады;

7) банкроттың мүлкіне жаңадан тыйым салу және банкроттың мүлкіне иелік етуге өзге де шектеулер қою мәмілені жарамсыз деп тану туралы және банкротқа қойылған, мүлікті өзгенің заңсыз иеленуінен талап ету туралы қуынымдары бойынша ғана жол беріледі.

Банкроттық рәсімін қозғау кезінде иемденушіге берілмеген банкрот мүлкі банкроттың мүліктік массасының құрамына енгізіледі, ал кредитор немесе орындалмаған міндеттеме бойынша дәрменсіз сатып алушы банкроттық рәсімі шеңберінде борышкерге өз талаптарын қоюға құқылы.

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті