Date of publication: 31.10.2023 17:25
Date of changing: 31.10.2023 17:26

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің басшысы мен облыстық БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті.

Жеке тұлғалардың банкроттығы және жеке тұлғаларды салықтық әкімшілендірудің өзекті мәселелері брифингтің басты тақырыбына айналды.

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің басшысы Ержан Тоқтарханов қазіргі уақытта павлодарлықтар соттан тыс банкроттыққа 2500-ге жуық өтініш бергенін, оның 100-і оң қаралғанын және есептен шығарылған қарыздар сомасы 228,3 млн.теңгені құрағанын атап өтті. 100-ге жуық павлодарлықтар өтініштерді қайтарып алды, 1899 – шарттарға сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылды, 400 – ден астамы қаржылық мониторингтен өтуде.

– 2023 жылғы 15 қыркүйекте активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00-нысан) электрондық түрде, сондай-ақ кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00-нысан) беру мерзімі аяқталды. Табыс туралы декларацияны 105 мыңнан астам павлодарлықтар ұсынды. Декларацияны ұсынбағаны үшін 13 мыңнан астам хабарлама берілді. Хабарламаны алған азаматтар декларация беру бойынша салық міндеттемесін орындауы қажет. Хабарламаны орындау мерзімі – салық төлеушіге хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде, – деп атап өтті Ержан Тоқтарханов өз сөзінде.

Сондай-ақ, мемлекеттік кірістер Департаментінің басшысы салықтарды төлеу әрбір азаматтың конституциялық міндеті екенін еске салып, салықтарды уақтылы төлеуге шақырады.

БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауаптар берілді.

 

Павлодар облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысы басқармасы