Date of publication: 27.07.2018 10:10
Date of changing: 27.07.2018 10:12

2018 жылдың 1 каңтарында «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексі қабылданды (әрі қарай – Кодекс). Соның ішінде кедендік тексерудің бір түрі көшпелі кедендік тексеру болып табылады.

Көшпелі кедендік тексеруді кеден органы заңды тұлғаның тұрған жеріне, дара кәсіпкердің қызметін жүзеге асырылатын жерге бару арқылы жүргізіледі.

Көшпелі кедендік тексерулер жоспардан тыс көшпелі кедендік тексеру және жоспардан тыс қарсы көшпелі кедендік тексеру болып 2 түрге бөлінеді.

Көшпелі кедендік тексеру нұсқаманың негізінде жүргізіліп, құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкiлеттi органда тексеру басталғанға дейiн тіркеліп, субъектiнiң тұрған жерi бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органына оны ұсыну арқылы тіркеледі.

Көшпелі камералдық кедендік тексеруді жүргізу нәтижелері бойынша тағайындалады, сондай-ақ Кодекстің 418 бабының 10 тармағында көрсетілген негіздемелер бойынша тағайындалуы мүмкін.

Тексерілетін тұлғаға кедендік тексеру жүргізу туралы нұсқаманың көшірмесін табыс еткен күн көшпелі кедендік тексеру жүргізу басталған күн болып есептеледі.

Көшпелі кедендік тексеруді жүргізу мерзімі екі айды құрайды, алайда тексеруді жүргізу мерзімі мұндай тексеруді жүргізетін кеден органының шешімі бойынша бір айға ұзартылуы мүмкін.

Сондай-ақ көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кедендік тексеруді жүзеге асыратын кеден органы басшысының, ол уәкілеттік берген кеден органы басшысы орынбасарының шешімі бойынша келесі жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкін:

1) жоспардан тыс қарсы көшпелі кедендік тексеруді жүргізу;

2) кедендік сараптаманы жүргізу;

3) Қазақстан Республикасының құзыретті органдарына, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің құзыретті органдарына сұрау салуларды жіберу;

4) тексерілетін тұлғаның көшпелі кедендік тексеруді жүргізу үшін қажетті құжаттарды қалпына келтіруі;

5) көшпелі кедендік тексеру нәтижелері бойынша тұжырымдарға әсер ететін, тексерілетін кезеңге қатысты қосымша құжаттарды ұсыну қажет болған кезде.

Көшпелі кедендік тексеру жүргізуді тоқтата тұру мерзімі жиырма төрт айдан аспауға тиіс. Бұл ретте құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органның аумақтық органын хабардар ете отырып, көшпелі кедендік тексеру тоқтатыла тұрған немесе қайта басталған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмей, тексеруді тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы хабарлама тексерілетін тұлғаға қолын қойдырып тапсырылады.

Көшпелі кедендік тексеруді жүргізу тексерілетін тұлғаға көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісі табыс етілген, сондай-ақ көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне тексерілетін тұлғаның жазбаша қарсылығын кеден органы қараған жағдайларда, кедендік тексеруді жүзеге асыратын кеден органы басшысының шешімі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрады.

Көшпелі кедендік тексеру актісі жасалғанға дейін, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұзушылық анықталған жағдайда, кеден органының лауазымды адамы тексерілетін тұлғаға көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін табыс етеді.

Кеден органының лауазымды адамы жасаған, көшпелі кедендік тексерудің алдын ала нәтижелері туралы құжат көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісі деп түсініледі.

Бұл ретте тексерілетін тұлға көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық ұсынуға құқылы.

Көшпелі кедендік тексеру нәтижелері бойынша ресімделген, екі данада жасалатын және кедендік тексеруді жүргізген лауазымды адамдар қол қоятын көшпелі кедендік тексеру актісі жасалған күн көшпелі кедендік тексеру аяқталған күн болып есептеледі.

Көшпелі кедендік тексеру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген дара кәсіпкерлерді қоспағанда, жеке тұлғаларға қатысты жүргізілмейді.

Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті