Date of publication: 05.09.2018 15:05
Date of changing: 05.09.2018 15:07

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 2 шiлдедегi № 165-VІ, соның ішінде  «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» 2003 жылғы 25 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына, 2018 жылдың 14 шілдесінде еңгізіледі.

Жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіпқой медиаторлар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер мен шаруа немесе фермер қожалықтары, оның ішінде арнаулы салық режимін қолданатындар үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі мыналар болып табылады:

- өзі үшін – алатын кірісінің әлеуметтік аударымдарды өз пайдасына есептеу мақсаттары үшін өздері дербес айқындайтын, бірақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салық салу мақсаттары үшін айқындалатын кірістен артық емес сомасы;

- жалдамалы жұмыскерлер үшін – Қорға әлеуметтік аударымдар төленбейтін кірістерді қоспағанда, еңбекке ақы төлеу ретіндегі кірістер түрінде жұмыскерге төленетін шығыстар.

Бір төлеушіден түсетін әлеуметтік аударымдарды ай сайынғы есептеу объектісі республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгiленген ең төмен жалақының он еселенген мөлшерiнен аспауға тиіс.

Егер күнтізбелік ай үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен жалақы мөлшерінен кем болса, онда әлеуметтік аударымдар ең төмен жалақы мөлшері негізге алына отырып есептеледі, аударылады.

Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, төлеуші Қорға әлеуметтiк аударымдарды ай сайын, әлеуметтік аударымдар төленетін айды көрсете отырып, Мемлекеттік корпорацияның банктік шоты арқылы төлемдерді жүзеге асыру жолымен есептi айдан кейiнгi айдың 25-күнiнен кешiктiрмей төлейдi.

Арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар, патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер әлеуметтік аударымдардың сомаларын Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мерзімдерде төлейді.