Date of publication: 17.10.2019 10:25
Date of changing: 17.10.2019 10:25

Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға немесе деңгейлес мониторинг нәтижелері туралы хабарламаға шағым жасау жағдайларынан басқа, салық органдары салық төлеуші – заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің, дара кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның салықтық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.

Салықтық міндеттемелерді орындау осы Кодекстің 722-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес операторға жүктелген жағдайларда, жайсеріктестік (консорциум) құрамында өнімді бөлу туралы келісім бойынша қызметті жүзеге асыратын салық төлеушінің салықтық берешегін өндіріп алу кезінде осы тарауда көзделген мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары салық төлеушіге және (немесе) операторға қатысты қолданылады.

Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану тәуекелдерді басқару жүйесінің нәтижелері ескеріле отырып жүргізіледі.

Мәжбүрлеп өндiрiп алу шараларын қолдану басталғанына дейiн тәуекел деңгейлері орташа және жоғары салық төлеушiге, осы баптың 4-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама жiберiледi.

Салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану салық төлеушіде салықтық берешек түзілген күні немесе салық төлеуші тәуекел деңгейі төмен санаттан тәуекел деңгейі орташа немесе жоғары санатқа өткен күні салық төлеуші жатқызылған тәуекел деңгейіне байланысты, осы тарауда көзделген мерзімдерде жүзеге асырылады.

Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу келесі тәртіпте жүзеге асырылады:

Салық қарызын мәжбүрлеп өндіріп алу келесі тәртіпте жүзеге асырылады:

1) банктік шоттардағы ақша есебінен;

2) дебиторлар шоттарынан;

3) билік ету шектелген мүлікті өткізу есебінен;

4) жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару түрінде жүргiзiледi.

Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі өзіне салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілгеннен кейін қырық жұмыс күні ішінде салықтық берешекті өтемеген жағдайда, салық органы салық төлеуші – осы құрылымдық бөлімшені құрған заңды тұлғаға мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану арқылы салықтық берешек сомасын өндіріп алады.

Заңды тұлғада біреуден астам құрылымдық бөлімше болған кезде, осы тармақтың бірінші бөлігінде айқындалған тәртіппен мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданғаннан кейін заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің салықтық берешегі өтелмеген жағдайда, салық органы мұндай заңды тұлғаның барлық құрылымдық бөлімшесіне бір мезгілде банктік шоттардағы ақша есебінен мәжбүрлеп өндіріп алу шарасын қолданады.

Заңды тұлға салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама өзіне табыс етілгеннен кейін қырық жұмыс күні ішінде салықтық берешекті өтемеген жағдайда, салық органы салық төлеуші – заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелеріне мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану арқылы салықтық берешек сомасын өндіріп алады.

Мәжбүрлеу шаралары келесі жағдайларда жойылуға жатады:

1) банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған жағдайда – банкроттық туралы іс қозғау туралы сот шешімі шыққан күннен бастап;

2) салық төлеушіге қатысты оңалту рәсімі қолданылған жағдайда – оңалту туралы іс бойынша іс қозғау туралы сот шешімі шыққан күннен бастап;

3) сот төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді бекіткен жағдайда – осындай келісімді бекіту туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап;

4) екінші деңгейдегі банктер, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары мәжбүрлеп таратылған жағдайда – мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап.

Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында айқындалған жағдайларда, Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілмеген салықтық міндеттеме сомасы бойынша және (немесе) сот бекіткен, төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімге енгізілмеген салық төлеушінің салықтық міндеттеме сомасы бойынша салық органы осы тараудың ережелеріне сәйкес мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.

Салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешекті өтеу туралы хабарламаға шағым жасаған жағдайда, салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану шағымдық арау нәтижелері бойынша шешім шығарылғанына дейін тоқтатыла тұрмайды.

Осы тараудың мақсаты үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған мемлекеттік мекемелердің шоттары банктік шоттарға теңестіріледі, ал бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға теңестіріледі.