Дата публикации: 15.09.2016 16:39
Дата изменения: 15.09.2016 16:39

«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 7 наурыздағы № 176-V ҚРЗ (әрі-қарай мәтін бойынша - Заң) 5-бабында көзделген негіздер болған кезде оңалту туралы іс бойынша іс жүргізу борышкердің немесе, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша кредиторды қоспағанда, кредитордың (кредиторлардың) өтініші негізінде сотта қозғалады. 

Борышкердің банкроттық туралы істі қозғау туралы сот ұйғарымының көшірмесін алған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішті сотқа жіберуге де құқығы бар.

Сотта банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу Заңның
5-бабында көзделген негіздер болған кезде – борышкердiң, кредитордың (кредиторлардың), Заңның 47-бабында көзделген жағдайларда – прокурордың, Заңның 82-бабында көзделген жағдайда – оңалтуды басқарушының өтiнiшi негiзiнде қозғалады. 

Салықтарға және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге қатысты мемлекеттік кіріс органы және өзге де уәкілетті мемлекеттік орган, сондай-ақ азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша кредитор — жеке және заңды тұлғалар борышкерді банкрот деп тану туралы кредитордың өтінішін сотқа беру құқығына ие болады. 

Сот оңалту рәсiмiн қолдану туралы немесе борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiштi іс жүргiзуге қабылдау туралы ұйғарым шығарған кезден бастап оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс жүргiзу қозғалды деп есептеледі. 

Борышкер, оңалтуды басқарушы берген банкрот деп тану туралы өтiнiш соттың тиiстi шешiмiнсiз қайтарып алынбайды. Заңның 82-бабында көзделген негіздер бойынша өтiнiш берiлген жағдайларды қоспағанда, кредитордың (кредиторлардың), прокурордың өтiнiштерін олар борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм қабылданғанға дейiн қайтарып алуы мүмкiн.

            Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс қозғалған кезден бастап: 

1) борышкер мүлкiнiң меншiк иесiне (ол уәкiлеттiк берген органға), құрылтайшыларға (қатысушыларға), заңды тұлғаның барлық органдарына мүлiктi кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс оларды уақытша басқарушымен келіспей пайдалануға және өткiзуге тыйым салынады; 

2) моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды есептемегенде, өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер жауапты болатын азаматтарға төленетін төлемдердi қоспағанда, борышкер мүлкіне қатысты бұрын қабылдаған соттардың шешімдерін, төреліктің шешімдерін, мемлекеттік кіріс органдарының, сондай-ақ меншiк иелерiнiң (құрылтайшылардың, қатысушылардың) немесе борышкер органдарының шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады; 

3) үшінші тұлғалардың кепілдіктер мен кепілгерліктерді орындау бойынша талаптарын қоспағанда, кредиторлардың борышкерге қоятын кез келген талаптары осы Заңда көзделген оңалту немесе банкроттық рәсiмдерi шегiнде ғана қойылуы, сондай-ақ үшінші тұлғалар кепіл беруші болған жағдайларда, кепіл тұрғысында өндiрiп алуға қойылуы мүмкiн; 

4) кредиторлардың, мемлекеттік кіріс органы мен бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асыратын өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органның талаптары, оның iшiнде даусыз (акцептісiз) тәртiппен қанағаттандырылуға жататын талаптары бойынша борышкердiң банктік шоттарынан ақша өндiрiп алуға, сондай-ақ борышкердiң мүлкiне өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейдi; 

5) борышкердiң акцияларын, жарғылық капиталындағы үлестерiн иелiктен шығаруға тыйым салынады.

            Алдын ала дайындау аяқталғаннан кейiн банкроттық туралы iс сот талқылауына тағайындалуға тиiс, бұл туралы сот ұйғарым шығарады. 

Борышкердің өтініші бойынша қозғалған банкроттық туралы іс қозғалған күннен бір айдан аспайтын мерзiмде сот отырысында қаралуға тиiс. 

Кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша қозғалған банкроттық туралы іс ол қозғалған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзiмде сот отырысында қаралуға тиiс.

Борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш берген кредитор сот отырысына келмеген жағдайда, сот өтінішті қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады. 

Борышкер жоқ болған жағдайларды қоспағанда, борышкер сот отырысына келмеген жағдайда, сот оны мәжбүрлеп келтіру туралы ұйғарым шығарады. Iстi алдын ала дайындау аяқталғаннан кейiн, бiрақ ол қозғалғаннан кейінгі күнтізбелік он бес күннен кешiктiрiлмей, оңалту туралы iс сот талқылауына тағайындалуға тиiс, бұл туралы сот ұйғарым шығарады. 

Оңалту туралы iс қозғалған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзiмде ол сот отырысында қаралуға тиiс.

            Сот оңалту немесе банкроттық туралы iстi сот отырысында қарап, мынадай сот актiлерiнiң бiрiн: 

- борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешiм; 

- борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғамастан, оны тарату туралы шешiм; 

- борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiм; 

- оңалту рәсімін қолдану туралы шешім; 

- оңалту рәсімін қолданудан бас тарту туралы шешім; 

- борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып оны тарату туралы шешiмнің күшін жою туралы ұйғарым; 

- банкроттық рәсімін тоқтату, оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы шешім; 

- банкроттық рәсімін тоқтатудан, оңалту рәсімін қолданудан және оңалту жоспарын бекітуден бас тарту туралы шешім; 

- іс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы ұйғарым; 

- бітімгершілік келісімін бекіту және банкроттық рәсімін тоқтату туралы ұйғарым қабылдауы мүмкін.