Date of publication: 20.10.2023 18:16
Date of changing: 20.10.2023 18:17

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 04.12.2014-ғы №540 бұйрығымен бекітілген «Бюджетті орындау және оған кассалық қызмет көрсету Ережесінің» (бұдан әрі Ережесінің) -  148 тармағына сәйкес - Мемлекеттік кірістер органдары әкiмшiлiк ететiн негiзгi капиталды сатудан түскен түсiмдердi, трансферттер түсiмдерiн, бюджет кредиттерiн өтеудi, мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түскен түсiмдердi, қарыздар түсiмдерiн қоспағанда, салықтық емес түсiмдер сомасын қайтару және (немесе) есептеу үшiн қорытындыны бюджетке түсетiн түсiмдердi өндiрiп алуға жауапты уәкiлеттi орган жасайды.

Бюджетке түсетiн түсiмдердi өндiрiп алуға жауапты уәкiлеттi органға төлеушiлерден төлеу орны бойынша төлеу туралы төлем құжатының көшiрмесi қоса берiле отырып, жазбаша өтiнiш берiледi.

Төлеушiнiң - заңды тұлғаның, жеке тұлғаның (жеке кәсiпкердiң) қайтару және (немесе) есептеу туралы өтiнiшiнде мынадай мәлiметтер көрсетiледi:

1) өтiнiш берушiнiң атауы (заңды тұлғалар, құрылымдық бөлiмшелер, филиалдар үшiн) немесе тегi, аты мен әкесiнiң аты (жеке тұлғалар, жеке кәсiпкерлерi, адвокаттар және нотариустар үшiн);

2) ЖСН/БСН (резидент емес болса көрсетедi), БСК, ЖСК (олар болған кезде);

3) өтiнiш берушiнiң мекенжайы;

4) жеке куәлiктiң, паспорттың немесе оларды алмастыратын құжаттың нөмiрi және кiмнiң бергенi (жеке тұлғалар, жеке кәсiпкерлерi, адвокаттар және жеке нотариустар үшiн);

5) уәкiлеттi органдар әкiмшiлiк ететiн түсiмдер бойынша артық (қате) төленген сома пайда болғандардың атауы;

6) қайтаруға және (немесе) есептеуге жататын сома;

7) есептеген жағдайда – бюджеттiк сыныптама коды, артық (қате) төленген сома есептелетiн бюджет түсiмдерiнiң атауы, БСН және мемлекеттік кірістер органының атауы;

8) бюджетке төленетiн төлем туралы төлем құжаттарының деректемелері – төлем құжатының нөмiрi және күнi;

9) бюджетке iс жүзiнде енгiзiлген сома;

10) банктiк шотқа қайтарған жағдайда - банктiк шотты алушының нөмiрi және банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын банктiң немесе ұйымның атауы, БСК, ЖСК.

Ережесінің 149 тармағына сәйкес - бюджетке түсетін түсімдерді өндіріп алуға жауапты уәкілетті орган қорытындыны Ереженің 66-қосымшасына сәйкес нысан бойынша 3 данада жасайды.

Бір данасын түсімдерді қайтаруға және/немесе есепке жатқызуға төлем тапсырмасын қалыптастыру үшін мемлекеттік кірістер органына мынадай мерзімдерде:

- төлеушіден есепке жатқызуға өтінім түскен күннен бастап 4 жұмыс күнінен кешіктірмей;

- төлеушіден қайтаруға өтінім түскен күннен бастап 8 жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады.

Қорытындының екінші данасы төлеушіге жіберіледі, үшінші данасы уәкілетті органда қалады.

Бюджетке түсетін түсімдерді өндіріп алуға жауапты уәкілетті орган қайтаруға және/немесе есепке жатқызуға қорытынды жасаған кезде Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының сақталуын, қорытындыда қамтылған деректердің шынайылығын қамтамасыз етеді және оларды сақталмағаны/сәйкессіздігі үшін жауап береді.

Ережесінің 150 тармағына сәйкес - мемлекеттік кірістер органы бюджетке түсетін түсімдерді өндіріп алуға жауапты уәкілетті органнан ол әкімшілік ететін түсімдер сомасын қайтаруға және (немесе) есептеуге қорытынды алған кезде 5 жұмыс күні ішінде төлем тапсырмасын жасайды және аумақтық қазынашылық бөлімшелеріне «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі бойынша ұсынады.

 

Павлодар облысы бойынша МКД мемлекеттік қызметтер басқармасы