Жарияланған күні: 26.01.2024 12:18
Өзгертілген күні: 26.01.2024 12:23

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің қызметкерлері Павлодар облысы шекара қызметі Департаментінің мамандарына түсіндіру семинарын өткізді.

Семинардың тақырыбы: "Жалпыға бірдей декларациялау. Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны толтыру қағидалары (270.00-нысан)".

Жалпыға бірдей декларациялауға қатысты мәселелер Салық кодексінің 630-643-баптарымен регламенттелгенін еске саламыз.

Декларациялау жүйесіне кірген кезде жеке тұлғаның 250.00 нысанындағы активтері мен міндеттемелері туралы бастапқы (кіріс) декларация ұсынылады, онда есепті жылдың 31 желтоқсанындағы жағдайы бойынша жеке тұлғаның дебиторлық және кредиторлық берешегі, шетелдегі жылжымайтын мүлкі, қолма – қол ақша қаражаты және шетелдік банктер бойынша банктік мәліметтер (депозиттер, кредиттер) көрсетілуге тиіс. Сондай-ақ, жеке тұлға мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, биологиялық активтер түрінде басқа мүлікті көрсетуге құқылы.

ҚР-да мүлік пен банктердегі ақша қаражатын көрсетудің қажеті жоқ, оны мемлекеттік кірістер органдары қажет болған жағдайда сұрау салулар бойынша тексере алады.

Декларацияны тапсыру мерзімі-15 қыркүйекке дейін.

Қазіргі уақытта декларацияны жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші және екінші кезеңдеріне қатысқан адамдар тапсырады:

- жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар және олардың жұбайлары;

- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және олардың жұбайлары;

- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары;

- "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес декларация ұсыну жөніндегі міндет жүктелген адамдар;

- мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары.

Сондай-ақ ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялауға 3 кезеңнің қатысушылары: заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары кірді.

 

Павлодар облысы бойынша МКД

түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы басқармасы