Жарияланған күні: 18.01.2021 15:00
Өзгертілген күні: 18.01.2021 15:09

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кедендік реттеу және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 5 қаңтардағы №407-VI Заңымен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың өз міндеттерін адал ниетпен орындауына ықпал ететін түзетулер енгізілген. Түзетулер 2021 жылдың 16 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.

«Тәуекел дәрежесінің өлшемшарттары» ұғымы енгізілді

ҚР Кеден кодексі 450-баптың 2-тармағы 2-1) тармақшасымен толықтырылды, оған сәйкес «тәуекел дәрежесінің өлшемшарттары» – кедендік бақылау нысандарын және (немесе) кедендік бақылау жүргізуді қамтамасыз ететін шараларды қолдану мақсаттары үшін кедендік операцияларды жасайтын тұлғаларды бағалау жүргізілетін белгілер жиынтығы.

Тәуекелдерді бағалау жүйесінің құпия және құпия емес өлшемшарттары

Тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды саралап қолдану мақсатында кеден органдары кедендік операцияларды жасайтын тұлғаларды тәуекел дәрежесінің өлшемшарттары негізінде тәуекелдің төмен, орта немесе жоғары деңгейі санаттарына жатқызу арқылы оларды санатқа бөлуді жүзеге асырады (Кеден кодексінің 452-бабының 2-тармағына өзгеріс енген).

Осы түзету шеңберінде бизнес-қауымдастығы пікірі ескеріле отырып, құпия және құпия емес тәуекел дәрежелерінің өлшемшарттарын заң негізінде анықтау көзделген.

Құпия ақпарат болып табылатын тәуекел дәрежесінің өлшемшарттары кеден органымен бекітіледі (ҚР ҚМ МКК Төрағасы бұйрығымен).

Құпия емес ақпарат болып табылатын тәуекел дәрежесінің өлшемшарттары уәкілетті органмен бекітіледі (ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен).

Сондай-ақ, тәуекелдердің бейіндері мен индикаторларында қамтылған ашық ақпарат тізбесі кеңейді. Енді бұл тізбеге келесі ақпарат кіреді:

1) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және (немесе) әкімшілік жауаптылыққа тарту фактілері туралы;

2) кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешектің, өсімпұлдардың, пайыздардың болуы туралы;

3) уәкілетті орган бекітетін, тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде пайдаланылатын тәуекелдердің құндық индикаторларын қалыптастыру әдістемесі туралы;

4) уәкілетті орган бекітетін, тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде пайдаланылатын бағалық ақпаратты қалыптастыру әдістемесі туралы.

Заңға аталған өзгерістерді енгізу Мемлекеттік кірістер комитетіне тәуекел дәрежелерінің құпия емес өлшемшарттарын анықтауға және оларды сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар назарына жеткізуге мүмкіндік береді.

Өз тарапынан СЭҚ қатысушылардың хабардар болуы, олардың өз кәсібін жүргізуді жақсартуға және өз міндеттерін адал ниетпен орындауға әкеледі.