
Павлодарда Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер Комитеті қызметкерлерінің қатысуымен "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы" жаңа заңды түсіндіру бойынша семинар өтті.
– Мемлекет басшысы 2022 жылғы 30 желтоқсанда қол қойған "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы" заң рәсімдердің 3 түрін-соттан тыс банкроттықты, сот банкроттығын және төлем қабілеттілігін қалпына келтіруді көздейді. Барлық үш рәсімді тек борышкердің өзі бастамашылық етеді, яғни кредитордың борышкерді банкроттыққа беруге құқығы жоқ, – деп атап өтті іс-шараны ашқан Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті басшысының орынбасары Рысбек Минаймбеков.
ҚР ҚМ МКК аудит департаменті берешекпен және Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасы басшысының орынбасары Айбол Аманов 2023 жылдың 3 наурызында қарызы бар азаматтар банкроттыққа өтініш бере алатынына назар аударды. Бұл қызметті E-gov сайты және "E-Salyq Azamat"мобильді қосымшасы арқылы алуға болады.
Іс-шара азаматтардың белсенді қатысуымен сұрақ-жауап форматында өтті.
Павлодар облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысы басқармасы