
ҚР Салық кодексінің 123 бабының 2-тармағына сәйкес салық төлеушi салықтық берешекті өтеу туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күнiнен кешiктiрмей, осындай хабарламаны жiберген салық органына дебиторлық берешек сомасын көрсете отырып, дебиторлар тiзiмiн ұсынуға мiндеттi
Бұл ретте салық органы салық төлеушінің дебиторларын анықтау мақсатында салық органдарының ақпараттық жүйелерінің деректерін пайдалануға, сондай-ақ салық төлеуші мен оның дебиторлары арасындағы өзара есеп айырысуларды айқындау мәселесі бойынша салық төлеушіге тексеру жүргізуге құқылы. Салық органы салық төлеушіні тексеру барысында дебиторларға қарсы тексеру жүргізуге құқылы.
Салық төлеушi ұсынған дебиторлар тiзiмiнiң және (немесе) салық органдарының ақпараттық жүйелерінен алынған дебиторлар туралы мәліметтердің және (немесе) дебиторлық берешек сомасын растайтын салық төлеушіні тексеру актiсiнiң негiзiнде салық органы дебиторларға салық төлеушiнiң салықтық берешегін өтеу есебіне олардың банктік шоттарындағы ақшаға дебиторлық берешек сомалары шегiнде өндiрiп алуды қолдану туралы хабарлама жiбередi.
Салық төлеушi мен оның дебиторының арасындағы өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актiсiнде мынадай мәлiметтер:
1) салық төлеушi мен оның дебиторының атауы, олардың сәйкестендіру нөмiрлерi;
2) дебитордың салық төлеушi алдындағы берешегінің сомасы;
3) салық төлеушi мен оның дебиторының заңдық деректемелерi, мөрi (ол болған кезде) және қолтаңбалары не салық төлеушi мен оның дебиторының электрондық цифрлық қолтаңбалары;
4) бюджетке берешекті өтеу туралы хабарлама алынған күннен бұрын болмауға тиіс салыстырып-тексеру актiсiнiң жасалған күнi қамтылуға тиiс.
Дебиторлар өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актiсiн осы баптың 3-тармағының екінші бөлігінде көзделген мерзiмде ұсынбаған не дебиторлық берешек сомасы расталмаған жағдайда, салық органы көрсетілген дебиторларға салықтық тексеру жүргiзеді. Бұл ретте салық органы сотта дау айтылатын дебиторлық берешек сомасын растауға құқылы емес.
Өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актісінің және (немесе) дебиторлық берешек сомасын растайтын дебиторды тексеру, қарсы тексеру актісінің және (немесе) ұсынылған сот шешімінің негізінде салық органы дебитордың банктік шоттарына салық төлеушінің салықтық берешегі сомасын өндіріп алу туралы инкассалық өкімдер шығарады.
Павлодар облысы бойынша МКД берешекпен жұмыс басқармасы