Date of publication: 18.07.2023 09:37
Date of changing: 18.07.2023 09:39

      246 мыңнан астам павлодарлықтар бюджетке 322 млн. теңгеге жуық соммаға мүлік салығын төлеуі тиіс.

      Ағымдағы жылдың шілде айында павлодарлық салық төлеушілерге (жеке тұлғаларға) "Kaspi Bank"АҚ мобильдік қосымшасы арқылы мүлікке салық төлемдері туралы SMS-хабарламалар келе бастады. Салық төлеушілердің "Төлемдер" бөлімінде ("Айыппұлдар мен салықтар" – "Салықтар" – "Көлік және мүлік салығы") мүлік салығының есептелген соммаларымен танысуға және төлем жасауға мүмкіндігі бар.

      Сондай-ақ, алдағы төлемдер туралы мәліметтерді тексеріп, салықты "e-Salyq Azamat"мобильді қосымшасының көмегімен төлеуге болады. Ол үшін "Электрондық қызметтер" мәзірінен "ЖТ және ЖК алдағы төлемдер сервисін" таңдау қажет. Ашылған терезеде ЖСН/БСН жолағын толтыру және "Табу" батырмасын басу арқылы МКО бойынша топтастырылған алдағы төлемдер туралы ақпарат көрсетіледі. Төлем үшін кез келген алдағы төлемді таңдаңыз. Төлем терезесі көрсетіледі. Алдағы төлемді төлеу үшін "Төлеу" батырмасын басу қажет.

      Жеке тұлғалар салықтарды кез келген ыңғайлы тәсілмен: екінші деңгейдегі банктердің немесе "Қазпошта" АҚ-ның бөлімшелерінде қолма-қол ақшамен, банкоматтар мен төлем терминалдарында банк карталарының көмегімен төлей алады.

      Анықтамалық ақпарат алу үшін жеке тұлғалар Бірыңғай байланыс орталығының-1414 (3) тегін нөмірі бойынша немесе салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша Мемлекеттік кірістер Басқармасына жүгіне алады.

      Салықтың бюджетке есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 1 қазанынан кешіктірілмей төленетінін, яғни 2022 жылға мүлік салығы 2023 жылдың 1 қазанына дейін төленуі қажет екенін естеріңізге саламыз.

Павлодар облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысы басқармасы