Date of publication: 15.08.2024 16:57
Date of changing: 15.08.2024 17:02

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінде (бұдан әрі – Департамент) мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына 10 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті.  Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов құттықтау сөз сөйледі.

–  Кез-келген мемлекеттің негізі – оның мемлекеттік кірістері. Мемлекеттік кірістерсіз шығындар да болмайды. Салықтардың уақытылы түсуі ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын қамтамасыз етті, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының жаңа нысандарын салуға мүмкіндік берді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық міндеттерін табысты шешу сіздердің жоғары кәсібиліктеріңіз бен істеріңізге деген жауапкершіліктеріңіздің арқасында мүмкіндік болды, - деді облыс әкімі мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлеріне арналған сөзінде және жұмыста одан әрі жоғары нәтижелерге қол жеткізуге тілек білдірді.

Құттықтау сөз кезегін Департамент басшысы Ержан Тоқтарханов жалғастырды.

– 10 жыл бұрын "Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының ведомстволары туралы" Үкіметтің 2014 жылғы 14 тамыздағы     № 933 қаулысымен Салық комитеті мен кедендік бақылау комитеті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер Комитеті болып қайта құрылды. 10 жыл ішінде үлкен өзгерістер болды. Цифрландыру біздің жұмысымыздың тиімділігі мен ашықтығын едәуір арттыруға, уақыт шығындарын қысқартуға және адами факторды болдырмауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда мемлекеттік кірістер органдарының бақылауы аз байқалады, бірақ әлдеқайда тиімді. Процестерді автоматтандыру және заңнаманы оңайлату арқылы салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігі артады. Осының барлығы – қойылған міндеттерді жоғары деңгейде орындайтын мамандардың үйлесімді жұмысының, кәсібилігі мен жауапкершілігінің арқасында, – деп атап өтті Ержан Тоқтарханов.

Мерекелік күні  Департаменттің айрықша ерекшеленген қызметкерлері мемлекеттік кірістер органдарының жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі, лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны үшін және Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына 10 жыл толуына орай төсбелгілерімен, құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды.

 

Павлодар облысы бойынша МКД

түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы басқармасы