Date of publication: 21.10.2024 18:17
Date of changing: 21.10.2024 18:29

2024 жылғы 1 қазанда 2023 жылға жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталды. Павлодар облысының 250 000-ға жуық тұрғыны мүлік салығын 330 млн.теңгеден астам сомаға төлеуге тиіс болды. Қазіргі уақытта бюджетке шамамен 318 млн. теңге түсті.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта 53 мыңнан астам павлодарлықтардың 80 млн. теңгеден астам сомаға берешегі бар. Павлодар қаласының тұрғындары – 64 млн. теңгеден астам, ауылдық өңірлерден – Павлодар ауданының тұрғындарынан 2 млн. теңгеге жуық берешегі бар. Май ауданы тұрғындарының берешегі толығымен өтелді.

Мүлік салығын уақтылы төлемеген жеке тұлғаларға салық берешегі туралы хабарламалар жіберілді, олар 30 жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс.

1 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) астам берешектер бойынша хабарлама тапсырылғаннан кейін 30 жұмыс күнінен кейін мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салықтық бұйрықтар жіберіледі, олар 5 күннен кейін жеке сот орындаушыларына беріледі.

Жеке сот орындаушылары өз кезегінде берешек сомасына қосымша өз қызметтері үшін төлемді өндіріп алады, оның мөлшері салық берешегі сомасының 25%-на дейін болуы мүмкін.

Салық берешегінің бар жоғын Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында тексеруге болады (kgd.gov.kz) "барлық сервистер" бөлімінің "берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер" электрондық сервисінде, "e-Salyq Azamat" мобильді қосымшасында және "электрондық қызметтер" бөліміндегі "SalyqBot" чат-ботында, сондай-ақ банктік қосымшалар арқылы.

Анықтамалық ақпарат алу үшін бірыңғай байланыс орталығының-1414 (3) тегін нөміріне немесе салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына хабарласуға болады.

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеу әрбір азаматтың конституциялық міндеті болып табылатынын еске салады.

 

Павлодар облысы бойынша МКД

 түсіндіру жұмысы және байланыс-орталығы басқармасы