Date of publication: 05.11.2024 15:32
Date of changing: 05.11.2024 15:34

Салық органы салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) мүлiкке билік етуін шектеудi келесі жағдайларда жүргізеді:

1) тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес төменде көрсетілген санаттарға жатқызылған салық төлеушілермен салықтық берешекті өтемеу:

- тәуекел деңгейі жоғары – салық берешегін өтеу туралы хабарлама тапсырылған күннен бастап бір жұмыс күні өткен соң;

- тәуекел деңгейі орташа  салық берешегін өтеу туралы хабарлама тапсырылған күннен бастап он бес жұмыс күні өткен соң.

2) салықтық мониторингке жататын салық төлеушіні қоспағанда, салық төлеушi (салық агентi) есепке жазылған салықтар және бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұл сомасы туралы, сондай-ақ бюджеттен қайтарылған және қайтаруға расталмаған қосылған құн салығының асып кету сомасы туралы мәліметтер қамтылған тексеру нәтижелерi туралы хабарламаға шағым жасаған жағдайда жүргiзедi.

Салық органы мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімді салық төлеушіге (салық агентіне) табыс еткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей мұндай шешімнің көшірмесін уәкілетті мемлекеттік органдарға оған құқық немесе ол бойынша мәмілелер мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікке не мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікке құқықтық ауыртпалықтарды тіркеу үшін жібереді.

Салық төлеушінің (салық агентінің) мүлкіне билік етуді шектеу туралы шешім салық төлеушіге (салық агентіне) табыс етілген күннен бастап он жұмыс күні өткен соң салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мүлік тізімдемесінің актісін жасау арқылы салық төлеушінің (салық агентінің) қатысуымен билік ету шектелген мүлікке тізімдеме жүргізеді.

Салық төлеуші (салық агенті) билік ету шектелген мүліктің, табиғи тозу және (немесе) қалыпты жағдайларда сақтау кезінде табиғи кему салдарынан болған өзгерістерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шектеу алынғанға дейін өзгермеген қалпында сақталуын қамтамасыз етуге міндетті екенін айта кету керек. Бұл ретте салық төлеуші (салық агенті) көрсетілген мүлікке қатысты заңсыз әрекеттері үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

Салық органы мүлiкке билік етуді шектеу туралы шешiмнің және мүлік тізімдемесі актісінің күшін келесі жағдайларда жояды:

1) салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешек сомаларын өтеген жағдайда – осындай берешекті өтеген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей;

2) уәкілетті орган шешім шығарған немесе тексеру нәтижелері туралы хабарламаның шағым жасалатын бөлігінің күшін жоятын сот актісі заңды күшіне енген жағдайда – осындай шешім шығарылған немесе осындай сот актісі күшіне енген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей;

3) салық төлеуші (салық агенті) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға өз шағымын кері қайтарып алған жағдайда – осындай шағым кері қайтарып алынған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей.

Салық төлеушінің (салық агентінің) билік ету шектелген мүлкін салықтық берешек шотына өткізуді уәкілетті заңды тұлға сауда-саттық өткізу арқылы жүзеге асырады.

Мүлікті өткізу бойынша уәкілетті заңды тұлға болып «Фонд проблемных кредитов» АҚ табылады, борышкердің мүлкін өткізу www.e-qazyna.kz уәкілетті орнанның сайтында жузеге асырылады.

 

Павлодар облысы бойынша МКД

берешекпен жұмыс жөніндегі басқармасы