Date of publication: 09.01.2025 15:55
Date of changing: 09.01.2025 15:57

"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2024 жылғы 1 шілдедегі № 105-VIII ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңымен 2025 жылдың               1 қаңтарынан күшіне енген Салық кодексінің 254, 288, 290 баптарына өзгерістер енгізілді.

Келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

1) 254-бапта тақырып мынадай редакцияда жазылсын: "254-бап. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған, зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды сатып алуға және ғылыми орталықтар құруға арналған шығыстар бойынша шегерім";

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

"1. Тіркелген активтерді сатып алуға, оларды орнатуға арналған шығыстар мен күрделі сипаттағы басқа да шығыстардан бөлек, ғылыми-зерттеу жұмыстарына, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар Қазақстан Республикасының ғылым және технологиялық саясат туралы заңнамасына сәйкес ғылым саласындағы уәкілетті органның ғылыми-зерттеу жұмыстары, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар бойынша хабарламалары болған жағдайда шегерімге жатады.

Осындай шығыстарды шегерімге жатқызуға мыналар негіз болып табылады:

ғылыми-зерттеу жұмыстарын, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыруға арналған шығыстар бойынша – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы есеп, сондай-ақ осындай қызметке байланысты шығыстарды растайтын құжаттар;

ғылыми-зерттеу жұмыстарын, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды сатып алуға арналған шығыстар бойынша – іс жүзінде орындалған техникалық тапсырма және осындай жұмыстардың аяқталған кезеңдерін қабылдап алу актілері.";

мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

"3. Егер осы Кодекстің 255-бабында өзгеше көзделмесе, зерттеу университеттері жанынан ғылыми орталықтар құруды қаржыландыру Қазақстан Республикасының ғылым және технологиялық саясат туралы заңнамасына сәйкес ғылым саласындағы уәкілетті органның ғылыми орталық құру туралы хабарламасы болған кезде шегерімге жатады.";

2) 288-бап «Салық салынатын кірісті азайту» мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:

"5-1) мыналарға:

қорғау құжаты бар жұмысты қоса алғанда, өнеркәсіптік меншік объектісін құруға байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарына, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға;

жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі ұйымдардан, ғылыми ұйымдардан және стартап-компаниялардан ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мақсатында лицензиялық шарт немесе айрықша құқықты басқаға беру шарты бойынша зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды сатып алуға арналған осы Кодекстің 254-бабына сәйкес шегерімге жатқызылған шығыстар (шығындар) сомасының 50 пайызы мөлшерінде азайтуға құқығы бар.

Осы тармақшаның ережелері Қазақстан Республикасының аумағында көрсетiлген жұмыстар жүргізілген және (немесе) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелері ендірiлген (пайдаланылған) жағдайда қолданылады.

Тиісті саланың уәкілетті органдарымен келісу бойынша ғылым саласындағы уәкілетті орган айқындайтын нысан бойынша жасалған және тәртіппен келісілген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін ендіру (пайдалану) актісі ғылыми-зерттеу жұмыстарын, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуді және (немесе) көрсетілген жұмыстардың нәтижесін және (немесе) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін ендіруді (пайдалануды) растау болып табылады.";

3) «Әлеуметтiк саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға салық салу» 290-баптың 2-тармағы екінші бөлігінің 3) тармақшасы  мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

"Осы тармақшада көрсетілген кірістерге ғылым саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің зерттеу университеттері жанынан ғылыми орталықтар құруға арналған қаржыландыру түріндегі кірістері де жатады."

 

Павлодар облысы бойынша МКД

Түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы басқармасы