
Жеке тұлғалардың 2024 жылға көлік құралдарына салық төлеуі 2025 жылғы 1 сәуірден кешіктірілмейтін мерзімде жүргізіледі.
2025 жылғы 1 наурызындағы жағдайы бойынша көлік құралдарын тіркеу саласындағы уәкілетті органның деректері бойынша Павлодар облысында 140 мыңнан астам автокөлік иелері бар, олардың меншігінде 200 мыңнан жоғары көлік бар.
Қазіргі уақытта 10 609 павлодарлық автокөлік иелерінің 700 млн. теңгеден астам сомаға көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешегі бар.
Көлік құралдарына салынатын салық Салық кодексінің 493-бабына сәйкес дербес есептеледі. Мұны ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталында орналастырылған "Көлік салығын есептеу" электрондық сервисін пайдалану арқылы немесе "E-Salyq Azamat" мобильді қосымшасының (AppStore және PlayMarket-тен жүктеу) "Калькуляторлар" сервисінде жасауға болады.
Салық мөлшерлемесі АЕК мөлшеріне және көлік қозғалтқышының көлеміне байланысты, сәйкесінше, жыл сайын салық сомасы АЕК мөлшерінің ұлғаюымен бірге артады. Салықты есептеу үшін тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына АЕК қолданылады, яғни 2024 жылы 3692 теңге.
Көлік салығын төлеу жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі. Егер салық банктер немесе банкоматтар арқылы төленсе, Сіз келесіні білуіңіз керек:
- бюджеттік жіктелім коды (БЖК) - 104402
- төлем мақсатының коды (ТМК) – 911, егер өсімпұл есептелген болса, онда ТМК – 912 пайдаланылады.
Салықты төлеу үшін иелеріне көліктерінің бірегей нөмірін 17 таңбадан тұратын VIN кодын білуі керек. Жеңіл автомобильдер үшін VIN коды-шанақ нөмірі, ал жүк көліктері үшін – шасси нөмірі. Деректер техникалық паспортта көрсетілген.
Машина болмаған жағдайда (айдап әкету немесе өзге де жағдайлар) осы фактіні растайтын уәкілетті мемлекеттік органнан тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына мәліметтерді ұсыну қажет.
Салықты уақтылы төлемеген адамдарға ағымдағы жылдың 2 сәуірінен бастап салық берешегі туралы хабарламалар жіберілетін болады, сондай-ақ мерзімі өткен әрбір күн үшін өсімпұл есептелетін болады.
Салықты уақтылы төлемеген салық төлеушілерге салық берешегі туралы хабарламалар жіберіледі, бұл хабарламаларды 30 жұмыс күні ішінде орындау қажет. Орындалмаған жағдайда автоматты түрде салық бұйрығы қалыптастырылады, ол да салық төлеушіге жіберіледі және 5 жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс, әйтпесе ол атқарушылық іс жүргізуді қозғау және берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу үшін электрондық арна арқылы жеке сот орындаушыларының палатасына (ЖСО) жолданады.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті салықтарды төлеу әрбір азаматтың конституциялық міндеті болып табылатынын еске салады және салықтарды уақтылы төлеуге шақырады.
Павлодар облысы бойынша МКД
түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы басқармасы