
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерді мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері атынан жүзеге асырылатын алаяқтықтың жағдайлары туралы ескертеді.
Алаяқтар өздерін мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, (270-нысан) салықтық есептілігінің ұсынылмағандын айтып, «айыппұл» салынатынын немесе «банктік шоттар жабылады» деп қорқытады.
Сонымен қатар, басқа алаяқтық тәсілдерге мессенджерлер (оның ішінде WhatsApp) арқылы Мемлекеттік кірістер комитеті немесе оның құрылымдық бөлімшелерінің басшылығының атынан бизнес субъектілерінің қаржылық мониторинг, тексеру немесе өзге де бақылау тізімдеріне енгізілгені туралы хабарламалар жіберу жағдайлары орын алуда.
Аталған хабарламалар – алаяқтық әрекеттердің көрінісі! Мұндай әрекеттер салық төлеушілерді шатастыруға, олардың жұмысына кедергі келтіруге және кей жағдайларда бопсалауға бағытталған.
Мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілерді тек төмендегі ресми арналар арқылы ғана ақпараттандырады:
- eGov.kz және/немесе kgd.gov.kz порталдарындағы Салық төлеушінің кабинеті;
- Электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы ресми хаттармен;
- Расталған (верификацияланған) әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ресми аккаунттар;
- МОАРБП gov.kz ресми интернет-ресурсында жарияланған баспасөз хабарламалары мен хабарландырулар;
- 1414 Байланыс орталығының жедел желісі.
Белгісіз нөмірлерден келіп түскен тексеріс жүргізу, қаржылық мониторинг тізімдеріне енгізу туралы қорқыту сипатындағы, сондай-ақ «Комитет өкілдерімен» хабарласуды, декларация тапсырмау мәселесін «шешуді» көмектесу немесе «банктік шоттарды бұғаттаудан құтқару» сипатындағы хабарламалар – алаяқтық әрекеттер болып саналады.
Маңызды! Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінен салық төлеушілерге электрондық пошта, WhatsApp және Telegram арқылы хабарлама таратылмайды, мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері ешқашан кодтар, ЭЦҚ немесе жеке деректерді сұрамайды.
Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарды сақ болуға, жалған хабарламаларға сенбеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, ақша қаражатын аудармауға, алынған хабарламалардың шынайылығын тексеруге және алаяқтардың арандатуына ермеуге шақырады. Сандық ортада өзара әрекет еткен кезде сақ және абай болыңыздар. Өз салықтық және қаржылық қызметі туралы ақпаратты тек ресми көздерден ғана қолданыңыздар.
Павлодар облысы бойынша МКД
түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы басқармасы




























