Date of publication: 27.02.2026 10:11
Date of changing: 27.02.2026 10:13

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі «Салық төлеушілердің (салық агенттерінің) таратылуы, қайта ұйымдастырылуы және қызметін тоқтатуы кезінде салықтық міндеттемені орындаудың кейбір мәселелері туралы» №654 бұйрығына өзгерістер енгізді.

Аталған құжат Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 20 ақпанында №38022 тіркелді.

Қабылданған өзгерістер ең алдымен микро және шағын бизнес субъектілері үшін кәсіпкерлік қызметті тоқтату рәсімдерін оңайлатуға және әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған.

Бұйрықта келесілер көзделді:

- жекелеген санаттағы салық төлеушілер үшін қызметті тоқтатудың оңайлатылған тәртібі;

- бекітілген шарттарға сәйкес келетін микро және шағын бизнес субъектілері үшін камералдық бақылауды жүргізбей қызметті аяқтау мүмкіндігі;

- қызметті тоқтату туралы өтінішті берген кезде 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері бөлігінде 2025 жылғы 17 желтоқсанға дейін ұсынылған салық есептіліктері бойынша камералдық бақылауды қолданбау.

Сондай-ақ тарату кезіндегі салықтық берешекті өтеу тәртібі нақтыланды. Мүлік жеткіліксіз болған жағдайда қалған берешек Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда құрылтайшылармен (қатысушылармен) өтеледі.

Қабылданған шаралар бизнесті қолдауға және салықтық әкімшілендірудің ашықтығын арттыруға бағытталған.

Нормативтік құқықтық актінің  толық мәтінімен http://zan.gov.kz/client/#!/doc/222326/kaz сілтемесі арқылы танысуға болады.