Date of publication: 30.06.2026 11:32
Date of changing: 02.07.2026 09:45

Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтардың банкроттық рәсімдері бойынша өзекті мәліметтер мен түсіндірмелерді ұсынады.

Сандар сөйлейді: Павлодар облысы бойынша статистика

- 14 951 өтініш – «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң күшіне енгеннен бері соттан тыс банкроттыққа азаматтардан түскен жалпы өтініш саны;

- 2 304 тұрғын – оң шешім алып, ресми түрде банкрот деп танылды (олардың міндеттемелері тоқтатылды);

- 960 борышкер – қазіргі уақытта қаржылық мониторинг кезеңінен өтуде;

- 455 адам – өз өтініштерін өздігінен кері қайтарып алды;

- 11 232 өтініш беруші – Заң талаптарына сәйкес келмегендіктен бас тарту жауабын алды.

Бас тарту пайызының жоғары болуы және заңнамаға енгізілген түзетулер азаматтарға рәсімді жеңілдететін ережелер мен өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндіру қажеттілігін көрсетеді.

Қарыз мәселесін шешудің 3 жолы

2023 жылғы 3 наурыздан бастап елде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң қолданысқа енді. Барлық рәсімдерді тек борышкердің өзі ғана бастай алады. Кредитордың (банк немесе коллектор) бұл процесті іске қосуға құқығы жоқ.

Заң үш нұсқаны ұсынады:

1. Соттан тыс банкроттық (ең көп сұранысқа ие тәсіл)

Рәсімді мемлекеттік кірістер органдары қарайды, өтініш ХҚКО (ЦОН) немесе eGov.kz порталы арқылы тегін беріледі.

Қарыз қайда болуы керек: Екінші деңгейдегі банктерде, микроқаржы ұйымдарында (МҚҰ) және коллекторлық агенттіктерде.

Сомасы: 1 600 АЕК-тен (МРП) аспауы тиіс.

Шарттары: Мүлкінің болмауы, қарыздың 12 айдан астам уақыт бойы өтелмеуі және банкпен немесе микроқаржы ұйымымен қарызды реттеу туралы құжаттың болуы.

Ескерту: Өтеу дегеніміз – қарыз алушының міндеттемелерін орындау есебіне ақшалай қаражаттың түсуі (оны кім төлегеніне байланыссыз: борышкердің өзі, ЖСО арқылы өндіріп алу немесе шоттан есептен шығару).

Ерекше жеңілдіктер: АӘК (АСП) алушылар үшін мерзімнің өткізіліп алуы тексерілмейді. Егер қарызға 5 жылдан асқан болса – рәсім стандартты шектеулерді есепке алмай жүргізіледі.

2. Сот арқылы банкроттық

Егер қарыз 1 600 АЕК-тен асса (несиелер бойынша), қарыздың басқа да түрлері болса (жеке тұлғалар алдындағы қарыз, салықтар және т.б.) немесе борышкердің міндеттемелерін өтеу үшін сауда-саттыққа шығарылатын мүлкі болса, сот шешімімен қолданылады.

3. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру

Бұл – қарыздар бойынша төлемдерді 5 жылға дейінгі мерзімге сот арқылы бөліп төлеу. Басты артықшылығы: адам «банкрот» мәртебесін алмайды және оған байланысты шектеулерден құтылады.

Маңызды өзгерістер: заң қалай жеңілдетілді?

Рәсімді қолжетімді ету үшін заңға елеулі түзетулер енгізілді:

  1. Банк немесе МҚҰ лицензиясынан айырылса, таратылып жатса немесе тізілімнен шығарылған болса да қарызды есептен шығаруға болады. (Ерекшелік: егер сіз басқа адам үшін кепілгер немесе кепіл беруші болсаңыз, банкроттық бұл міндеттемені алып тастамайды).
  2. Борышкерге өтініште қарыз сомасын, кредитордың атауын көрсетудің және анықтамаларды қоса берудің қажеті жоқ.
  3. Қарызды 1 АЕК-тен аз сомаға төлеу енді мерзімнің өткізіліп алу кезеңін үзбейді. Коллекторларға өткізілген несиелер бойынша мерзім банкке жасалған соңғы төлемнен бастап есептеледі.
  4. Егер сіз несиені 12 айдан астам уақыт бойы төлемеген болсаңыз, банкпен алдын ала реттеу рәсімін жүргізу талап етілмейді.
  5. Соттан тыс банкроттық рәсімі, әдетте, жарты жылға созылады. Бірақ 2026 жылғы 19 наурыздан бастап қарызы 1 600 АЕК-ке дейін және мерзімі 5 жылдан асқан азаматтар үшін қарау мерзімі 1 айға дейін қысқартылды.

Банкроттықтың салдары (не нәрсені есте сақтау маңызды!)

Сіз банкрот деп танылған сәттен бастап келесі қатаң шектеулер күшіне енеді:

- 5 жыл ішінде сізге ешқандай несие берілмейді (ломбардтардағы кепілдерді қоспағанда), сіз кепілгер немесе кепілдік беруші бола алмайсыз;

- 3 жыл ішінде мүлікті сатып алуға мониторинг жүргізіледі;

- Банкроттыққа қайта өтініш беру тек 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады.

 

Павлодар облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысы

және Байланыс-орталығы басқармасы