Date of publication: 03.07.2026 10:15
Date of changing: 03.07.2026 10:17

Құрметті Павлодар облысының тұрғындары!

Бүгін мен сіздерге өте маңызды мәселе — Жалпыға бірдей декларациялау және 270.00 нысаны бойынша жыл сайынғы Кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру бойынша жүгінгім келіп отыр.

Биыл біздің өңірде 49 мыңға жуық адам есеп беруі тиіс. Алайда, бүгінгі күні небәрі 15 мың павлодарлық қана өз декларациясын тапсырды. Бұл жалпы санның тек 30 пайызын ғана құрайды. Қыркүйек айында ақпараттық жүйелерге шамадан тыс күш түсуін және іркілістерді болдырмау үшін декларация тапсыруды соңғы сәтке қалдырмауды сұраймын.

2026 жылы декларацияны нақты кімдер тапсыруға міндетті екенін қысқаша еске сала кетейін. Біріншіден, бұл — мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және олардың жұбайлары. Екіншіден, үлесі 10 пайыздан асатын компаниялардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ олардың жұбайлары. Үшіншіден, жеке практикамен айналысатын адамдар: адвокаттар, нотариустар, медиаторлар және сот орындаушылары.

Бұдан бөлек, жыл ішінде мүліктік табыс алған немесе құны 78 миллион теңгеден асатын мүлік сатып алған азаматтар да декларация тапсыруға міндетті. Сондай-ақ, бұл талап цифрлық активтері, мысалы, криптовалютасы бар, шетелде жылжымайтын мүлкі немесе шетелдік банктерде 1000 АЕК-тен, яғни 4 миллион теңгеге жуық сомадан асатын ақшасы бар тұлғаларға да қатысты.

Декларацияны тапсырудың соңғы мерзімі — үстіміздегі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей.

Бұл ретте мемлекеттік кірістер органдарына барып, кезекте тұрудың еш қажеті жоқ. Бәрін бірнеше минут ішінде онлайн режимде жасауға болады. Декларацияны «e-Salyq Azamat» және «eGov mobile» мобильді қосымшалары, «Halyk» және «Kaspi» банк қосымшалары, сондай-ақ Салық төлеушінің кабинеті арқылы толтыра аласыздар.

Жауапкершілік мәселесіне де назар аударғым келеді. Декларацияны ұсынбағаны немесе бұрыс мәліметтер көрсеткені үшін бірінші ретте ескерту жасалады. Ал құқық бұзушылық қайталанған жағдайда 15 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

Салықтық міндеттемелеріңізді орындауға алдын ала қам жасаңыздар. Декларацияны бүгін тапсырып, алаңсыз болыңыздар!