
Оңалту рәсiмi – сот тәртібімен қолданылатын рәсiм, оның шеңберiнде борышкерге оның төлем қабiлеттiлiгiн қалпына келтiруге бағытталған қайта ұйымдастыру, ұйымдық-шаруашылық, басқарушылық, инвестициялық, техникалық, қаржылық-экономикалық, құқықтық және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де шаралар қолданылады (Оңалту және банкроттық туралы Заңының 1 б. 25т. (одан әрі - Заң)).
Борышкерге оңалту рәсімін қолдану оның уақытша дәрменсіздігі негіз болып табылады, борышкермен:
1) өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянның орнын толтыру туралы талаптар, алименттерді өндіріп алу бойынша кредиторлар алдындағы міндеттемелер, еңбекке ақы төлеу, еңбек шарттары бойынша өтемақылар төлеу, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешекті төлеу жөніндегі, сондай-ақ қызметтік өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгі үшін авторларға сыйақылар бойынша міндеттемелер оларды орындау мерзімі басталған күннен бастап үш ай ішінде орындалмаса;
2) өзге де кредиторлар алдындағы міндеттемелер оларды орындау мерзімі басталған күннен бастап төрт ай ішінде орындалмаса, төлем қабілетсіздігі уақытша болып табылады.
Заңның 5 б. 1 т. сәйкес сот тәртібінде борышкердің немесе кредитордың арызы бойынша осы рәсім енгізілген.
Оңалту рәсімін қолдынылған жағдайда, осы рәсім сот шешімінің заңды күшіне енген күннен бастап салдары басталады.
Заңнын 68 б. Сәкес оңалту рәсімін қолданудың салдары:
1. Соттың оңалту рәсімін қолдану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап мынадай салдар басталады:
1) кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мүлікпен мәмілелер жасасуға тыйым салынады;
2) алынған қарыздар және шығарылған облигациялар бойынша сыйақыларды есепке жазу тоқтатылады;
3) төлеу мерзімі оңалту рәсімін қолданғаннан кейін басталған, моральдық зиянның орнын толтыру туралы талаптарды есепке алмағанда, өмiріне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер жауапты болатын азаматтарға төленетін төлемдердi қоспағанда, өз мүлкіне қатысты қабылданған соттардың шешімдерін, төрелік шешімдерді, мемлекеттік кіріс органдарының, сондай-ақ борышкер – дара кәсіпкердің, борышкер – заңды тұлға мүлкі меншік иесінің (ол уәкілеттік берген органның), құрылтайшыларының (қатысушыларының) шешімдерін орындау тоқтатыла тұрады.
2. Оңалту жоспары бекітілгеннен кейін:
1) борышкерді басқаруды осы Заңның 69-бабында көзделген тәртіппен кредиторлар жиналысы айқындаған тұлға жүзеге асырады;
2) оңалту жоспарында көзделгендерді қоспағанда, кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мүлікпен мәмілелер кредиторлар жиналысының келісімімен жасалады;
3) борышкердің өтініші және соттың оңалту жоспарын бекіту туралы заңды күшіне енген ұйғарымының көшірмесі негізінде борышкер мүлкіне салынған барлық шектеулер мен ауыртпалықтар (борышкер шоттарына қойылған инкассолық өкімдер, мүлікке тыйым салуларды және басқалар) оларды салған органдардың тиісті шешімдері қабылданбастан алынады.
Оңалту жоспарын борышкер оңалту рәсімін қолдану туралы шешім заңды күшіне енген күннен бастап үш ай ішінде кредиторлармен және оңалтуды басқарушымен бірлесіп әзірлеуге тиіс.
Әзірленген оңалту жоспары бір кезектегі кредиторлар талаптарын қанағаттандырудың тең шарттарын көздеуге тиіс.
Оңалту жоспары – борышкердің төлем қабiлеттiлiгiн қалпына келтiру мен жұмыс орындарын сақтау мақсатында оңалту рәсiмiн қолдану кезiнде борышкердi сауықтыруға бағытталған және борышкер мен кредиторлар арасындағы өзара келiсiм негiзiнде жүзеге асырылатын, кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру графигін қоса алғанда, iске асырылу мерзiмдерi, сондай-ақ қол жеткiзiлетiн нәтижелер, пайдаланылатын ресурстар мен ықтимал тәуекелдер көрсетiлетiн өзара байланысты iс-шаралар кешенi (Заңның 1 б. 24 т.).
Заңның 73 б. 1 т. сәйкес оңалту жоспарында борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жөніндегі нақты іс-шаралар (оңалту шаралары) және осы Заңның 77-бабының 2-тармағында көрсетілген кредиторлар талаптарын қанағаттандыру графигі қамтылуға тиіс.
Оңалту жоспарының үлгілік нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Табиғи монополиялар субъектілері болып табылатын не Қазақстан Республикасының экономикасы үшін маңызды стратегиялық мәні бар, азаматтардың өміріне, денсаулығына, ұлттық қауіпсіздікке немесе қоршаған ортаға әсер ете алатын ұйымдардың және дара кәсіпкерлердің оңалту жоспары – тиісті орталық атқарушы органмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тиісті аумақтық органымен, ал қала құраушы заңды тұлғалардың оңалту жоспары – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың тиісті жергілікті атқарушы органымен келісіледі.
Ұсынылған оңалту жоспарын осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген келісетін мемлекеттік органдар келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.
Оңалту жоспарына барлық өзгертулер мен толықтырулар, кредиторлар жиналысының келесімімен енгізіледі және сотпен бекітіледі.
Оңалту жоспарын іске асыру мерзімі, оңалту рәсімінің мерзімі сияқты бес жылдан аспауға тиіс.
Оңалту шаралары санацияны, электрондық аукцион өткізу жолымен мүлікті сатуды, қаржы лизингін, борышкердің талап ету құқықтарын басқаға беруді, факторингті, реверсивті факторингті, борыштың бір бөлігін кешіруді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруды, борыштарды акцияларға алмастыруды, бітімгершілік келісімін жасасуды және басқаларды қоса алғанда, борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған кез келген ұйымдастырушылық-шаруашылық, техникалық, қаржы-экономикалық, құқықтық және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де іс-шараларды қамтуы мүмкін (Заңның 73 б. 4 т.).
Табиғи монополиялар субъектiлерi болып табылатын не Қазақстан Республикасының экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар, азаматтардың өмiрiне, денсаулығына, ұлттық қауiпсiздiкке немесе қоршаған ортаға әсер ете алатын ұйымдардың оңалту жоспары – тиісті орталық атқарушы органмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң тиiстi аумақтық органымен, ал қала құраушы заңды тұлғалар бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың тиiстi жергілікті атқарушы органымен келiсiлуге тиiс (Заңның 73 б. 8 т.).
Борышкер оңалту жоспарын кредиторлар жиналысы мақұлдағаннан кейін осы Заңның 59-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында белгіленген мерзімнен кешіктірмей сотқа ұсынуға міндетті.
Сонымен қатар Заңнын 73 б. 11 т. анықталған сот оңалту жоспарын бекітуге келесі жағдайда бас тартады:
1) егер оңалту жоспарына қарсы дауыс берген кредитор сотқа оңалту жоспарында іске асырылуы осындай кредитордың талаптарын банкроттық рәсімін қолдануға қарағанда аз көлемде қанағаттандыруға алып келетін іс-шаралардың қамтылғандығы жөнінде негіздеме ұсынған;
2)Заңның 26-1-бабының талаптары сақталмаған жағдайларда.
Заңнын 69 б. 1 т. сәйкес оңалту рәсімінде борышкерді басқаруды кредиторлар жиналысының шешімі бойынша:
1) борышкер – дара кәсіпкер не борышкер – заңды тұлға мүлкінің меншік иесі, құрылтайшысы (қатысушысы) уәкілеттік берген орган немесе тұлға;
2) оңалтуды басқарушы.
Осы Заңның мақсаттары үшін дара кәсіпкерді оңалту рәсімінде борышкерді басқару деп оның істерін және мүлкін басқару түсініледі.
Оңалту жоспарының қаматамасыздандырылмағаны немесе тиісінше орындалмағаны үшін Қазақстан Республикасының құқық бұзушылықтар Кодексімен әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.