Жарияланған күні: 10.10.2024 10:52
Өзгертілген күні: 10.10.2024 11:06

2024 жылдың 1 шілдесінде Мемлекет басшысы Салық және әлеуметтік кодекстерге төмендегілерді көздейтін өзгерістерге қол қойды (2024 жылдың  3 қыркүйектен бастап күшіне енді):

- әлеуметтік төлемдер мөлшерлемелерін 1% - ға дейін төмендету (барлығы 4% - ЖТС, МЗЖ, ӘА, МӘМС, бұл ретте әлеуметтік төлемдердің стандартты ставкаларын қолдану құқығы сақталады);

- интернет-платформа операторларын салықтар мен әлеуметтік төлемдерді ұстап қалу және төлеу жөніндегі салық агенттері деп тану;

- интернет-платформада тіркелген орындаушылардың екі арнаулы салық режимін (АСР) қолдануы.

ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес интернет-платформаның операторы интернет-платформада тіркелген орындаушылар мен тапсырыс берушілер арасында қызметтер көрсету және жұмыстарды орындау бойынша байланыстар орнату және мәмілелер жасасу үшін ақпараттық технологиялар мен жүйелерді қолдана отырып, техникалық, ұйымдастырушылық (оның ішінде жұмыстарды немесе қызметтерді көрсету үшін үшінші тұлғаларды тарта отырып көрсетілетін қызметтерді), ақпараттық және өзге де мүмкіндіктерді ұсыну жөніндегі қызметтерді интернет-платформаны пайдалана отырып көрсететін дара кәсіпкер немесе заңды тұлға болып табылады.

Орындаушы болып интернет-платформада тіркелген, жария шарт негізінде интернет-платформаларды пайдалана отырып, тапсырыс берушілерге қызметтер көрсететін немесе жұмыстарды орындайтын жеке тұлға, дара кәсіпкер немесе заңды тұлға табылады.

2023 жылдан бастап "Яндекс. Такси" мысалында платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

"Яндекс. Такси" (интернет-платформа операторы) жоғарыда аталған өзгерістерге сәйкес интернет-платформада тіркелген орындаушының (такси жүргізушісінің) табысынан салық және әлеуметтік төлемдер сомаларын ұстап қалуға және аударуға міндетті.

Жоғарыда аталған түзетулер такси жүргізушілеріне жүктемені азайту, сондай-ақ салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеуді жеңілдету мақсатында іске асырылды.

 

Павлодар облысы бойынша МКД

түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы басқармасы