
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен брифинг өтті.
Салықтық әкімшілендірудің өзекті мәселелері: жалпыға бірдей декларациялау, цифрлық активтерге, мүліктік табысқа, жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің міндеттемелеріне салық салу – брифингтің басты тақырыбына айналды.
БАҚ өкілдерін жалпыға бірдей декларациялау жүйесіндегі алдағы өзгерістер қатты қызықтырды, бұл туралы өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов айтып берді.
– Мемлекет басшысының Жалпыға бірдей декларациялау тәсілдерін қайта қарау туралы тапсырмасын іске асыру үшін елімізден тыс активтері бар адамдарды қоспағанда, азаматтардың осы санатын активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды ұсынудан босату ұсынылып отыр. Қаржы министрлігі шетелде активтері бар тұлғаларға, сайлауға түсуге құқығы бар азаматтарға, мемлекеттік лауазымға орналасуға және оларға теңестірілген кандидаттар үшін, сондай-ақ банктердің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары болғысы келетіндер үшін активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 СЕН) ұсыну жөніндегі міндетті сақтауды ұсынып отыр. Мемлекеттік қызметшілерге, квазимемлекеттік және жеке компаниялардың басшыларына, құрылтайшыларға (оның ішінде 25% астам және одан да көп акция иеленушілерге), олардың жұбайларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде активтері бар және (немесе) дербес салық салынатын табыс алған адамдарға кірістері мен мүлкі туралы жыл сайынғы декларацияны (270.00 СЕН) тапсыру жөніндегі міндет сақталады. Құны 20 000 АЕК (74 млн теңге) асатын ірі сатыпалым жасаған тұлғалар үшін осындай міндетті белгілеу қосымша ұсынылды, – деп атап өтті Ерболат Ғаббасов.
БАҚ өкілдерінің көптеген сұрақтарына жауаптар берілді.
Павлодар облысы бойынша МКД
түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы басқармасы