Жарияланған күні: 29.01.2025 16:36
Өзгертілген күні: 30.01.2025 09:56

Қазіргі уақытта жекелеген кәсіпкерлер сатылған тауар (көрсетілген қызметтер) үшін қолма-қол ақшамен төлеуді талап ете отырып, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тартқан жағдайлар орын алуда.

Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады, өйткені "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында төлемнің әртүрлі тәсілдері – банк картасымен, QR-төлеммен немесе қолма-қол ақшамен көзделген (25-бап).

Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген: бірінші рет ескерту, қайталап бұзған жағдайда – 40 АЕК (157 280 теңге) мөлшерінде айыппұл (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 194-бабы).

Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы Мемлекеттік кіріс органдарына жүгіну қажет, сондай-ақ "e-Otinish" порталы арқылы растайтын құжаттарды міндетті түрде қоса бере отырып өтініш беруге болады.

Тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде кәсіпкерлер сатып алушыға фискалдық чек беруге міндетті. Фискалдық чекті бермеу де әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады: ескерту, қайталап бұзылған жағдайда – 20-дан 40 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 284-бабы).

Павлодар облысы бойынша МКД

түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы басқармасы